Өтіп бара жатқан жылда қуанышқа себеп болатын сәттер көп болды, сондықтан оның қорытындысын шығару айрықша қуаныш сыйлайды. Қазақстан шахматы үшін 2025 жыл дәл осындай жыл болды. Біз әлем кубоктарында шын мәнінде керемет нәтижелерге қол жеткіздік, FIDE-мен тығыз ынтымақтастық орнаттық және өңірлерде шахматты бұрынғыдан да танымал еттік.
Бір жылдың ішінде еліміздегі шахмат спортының деңгейі айтарлықтай өсті. Бұл тек медаль санынан ғана емес, ел ішіндегі шахматқа деген көзқарастың өзгеруінен де көрінеді: мектептерде пән ретінде енгізілуінен, кәсіби қауымдастықтың көңіл-күйінен, әлеуметтік желілерде шетелдегі жарыстардан келген жақсы жаңалықтарға халықтың ықыласынан байқалады.
Қазір қолымда Қазақстан шахмат федерациясының 2025 жылға арналған қорытынды есебі бар. Ендеше, қазақстандық шахматтың дамуын сандар мен деректер арқылы бірге саралап, ең маңызды оқиғаларды еске түсіріп, 2026 жылға қандай нәтижемен қадам басатынымызды көрейік.
Әрине, әңгіме медальдардан басталғаны дұрыс шығар. Меніңше, бұл – бүкіл шахмат экожүйесінің жағдайын көрсететін ең әділ көрсеткіш. Бір жыл ішінде халықаралық турнирлерде 162 медаль жеңіп алдық, оның 64-і алтын. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16%-ға көп (ол кезде 55 алтын болған).
Қазақстан тек қатысушы ғана емес, өзі де үш ірі FIDE жарысын қабылдады: Алматыда Азия аймағының 3.4 чемпионаты мен кадеттер арасындағы әлем чемпионаты, ал Астанада ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған II Олимпиада өтті.
Аталған жарыстарға әлемнің 88 елінен 1100-ден астам адам қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин, FIDE президенті Аркадий Дворкович, Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды болды.