Тимур Турловтың авторлық блогы
Ақпан айының басты оқиғалары
#KAZCHESS TIMES
Қысқа болса да, биылғы ақпан айы мен үшін жылдың ең мазмұнды кезеңдерінің біріне айналатын тәрізді.

Айдың алғашқы күндерінде әріптестеріммен бірге Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары аясында Пәкістанға бардық. Сол сапар барысында Исламабадта заманауи шахмат академиясын аштық. Академияны толықтай Қазақстан шахмат федерациясы дайындап, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

Ал арада небәрі екі апта өткен соң Алматыда еліміздегі жаңа форматтағы алғашқы шахмат құзыреттер орталығы KazChessLab жобасын іске қостық.

Бұл бастамалардың барлығын біріктіретін ортақ идея бар. Ол – шахматтық білім беру.

Бүгін осы тақырыпқа кеңірек тоқталып, ақпан айында болған өзге де маңызды оқиғалар жайлы айтып өткім келеді.
Біз Қазақстанда «Білім беру жүйесіндегі шахмат» атты бағдарламаны алғаш бастаған кезде бұл батыл тәжірибе болатын. Көптеген сарапшылар оның жаппай сипат алатынына күмәнмен қарағаны рас.

Уақыт өте келе бұл бастаманың нәтижесі нақты деректермен дәлелденді.  Бүгінде шахмат еліміздің барлық өңіріндегі 1500-ден астам мектепте оқытылады. Биыл қыркүйекте бастауыш сыныптарда 60 мыңнан астам бала шахмат үйрене бастады! Олардың арасынан Қазақстанның болашақ интеллектуалдық элитасы өсіп шығатынына сенгім келеді.

Бірақ бұл жерде тек сандарды айту жеткіліксіз. Бұл бағдарламаның не үшін қажет екенін және оның негізінде қандай идея жатқанын түсіндіру маңызды.
Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның ұзақмерзімді дамуына үлес қосу.

Өйткені шахмат – жай ғана ойын емес, тіпті жай ғана спорт та емес. Ол баланың ойлау қабілетін дамытуға арналған тиімді құрал. Әсіресе бала жаста, ми дамуы ең белсенді кезеңде, бұл әдіс ерекше тиімді.

Бірінші сынып оқушысы шахмат ойнай бастағанда ол тек фигуралармен қалай жүру керектігін ғана үйреніп қоймай, жоспар құруды, түрлі нұсқаларды салыстырып ойлауды, әр шешімнің салдарын алдын ала бағамдауды меңгереді.

Сонымен бірге бала жеңілісті қабылдауды, одан сабақ алуды да үйренеді. Бүгінгі заманда аса қажет қасиеттердің бірі – зейінді ұзақ сақтай білу. Шахмат осы қабілетті де қалыптастырады.
Мұндай дағдылар балаға тек математика сабағында ғана емес, өмірдің кез келген саласында, болашақ таңдаған мамандығында да пайдасын тигізеді. Ал бұл өз кезегінде тұтас елдің адами әлеуетінің сапасына тікелей әсер етеді.

Мұны біз іс жүзінде көріп жүрміз. Шахмат енгізілген мектептердің мұғалімдері оқушылардың оқу үлгерімі жақсарғанын, өз бетінше ойлау қабілеті артқанын, балалардың мазасыздығы азайғанын айтып келеді.

Шахмат ерекше орта қалыптастырады. Ондай ортада ойлану, терең пайымдау – беделді іс.
Тағы бір маңызды қыры – бұл бағдарламаның баршаға қолжетімді болуы. Шахматта қала баласы мен ауыл баласының, үздік оқушы мен оқуында қиындығы бар баланың арасында айырмашылық болмайды.

Шахмат әр балаға өзінің қабілетін сезінуге, ақылымен жетістікке жете алатынын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл өз алдына үлкен құндылық.

Осы орайда Халықаралық шахмат федерациясы FIDE 2026 жылды «Білім берудегі шахмат жылы» деп жарияланғанын айта кету керек. Бұл бастамада Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатардағы елдердің бірі болып отыр. Біздің бөлісер тәжірибеміз де бар, алда атқарар жұмысымыз да аз емес.
Алайда кез келген білім беру бағдарламасы жаңа мазмұнмен толығып отырмаса, дамуы баяулайды.

Сондықтан 19 ақпанда Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (QyzPU) базасында еліміздегі алғашқы заманауи шахмат зертханасы KazChessLab ашылды. Сол күні «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасының алғашқы 25 түлегіне сертификат табыстадық.

Шынын айтсам, бұл күн мен үшін ерекше болды. Өйткені осы уақытқа дейін Қазақстанда ресми түрде дайындалған, сертификат алған шахмат педагогтары болған жоқ.

Әрине, жаттықтырушылар болды, мектептерде шахмат үйірмесін жүргізген мұғалімдер де болды. Бірақ кәсіби стандарт, жүйелі дайындық пен әдістемелік база толық қалыптаспаған еді.
Енді мұның бәрі біртіндеп жолға қойылып келеді.

Әрине, біздің ерекше мақтанышымыз – KazChessLab. Бұл шахмат үстелдері қойылған қарапайым аудитория ғана емес, әдістемелік орталықты, оқу алаңын және зерттеу зертханасын біріктірген заманауи кеңістік.

Мұнда жаңа оқу бағдарламалары әзірленіп, тәжірибеден өткізіледі, шеберлік сабақтары мен семинарлар ұйымдастырылады, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мектептерге қажет мамандар даярланады.

Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Бұл мемлекет тарапынан осы бағытқа ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді. Министрлікке қолдауы үшін алғыс айтамыз. Осындай батыл жобаларды жүзеге асыруда қолдаудың маңызы зор.
Қазір «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасы Қазақстанның жеті педагогикалық университетінде іске асырылып жатыр. Онда 200-ден астам студент білім алуда.
Ал KazChessLab осы университеттердің барлығы үшін негізгі әдістемелік орталыққа айналмақ. Болашақта басқа жоғары оқу орындарында да осындай зертханалар ашылады деп сенеміз.
Ақпан айында тағы бір маңызды оқиға болды – Қазақстан Президентінің Пәкістанға мемлекеттік сапары өтті. Екі ел стратегиялық әріптестік туралы декларацияға және бірқатар мемлекетаралық келісімдерге қол қойды.

Ал біз Пәкістан шахмат федерациясымен бірлескен жылдық іс-шаралар жоспарын бекіттік.

Шынын айтсам, бұл мен үшін ерекше сәттердің бірі болды. Мыңдаған шақырым алшақ жатқан, мәдениеті мен тарихы бөлек екі елді шахматтың ортақ дипломатия тіліне айналдырғаны ерекше әсер қалдырады.
Сапар аясында Исламабад қаласында Қазақстан шахмат федерациясы жабдықтаған шахмат академиясын іске қостық. Ол Dostyq спорт орталығының базасында ашылды.

Бұл жоба екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, әріптестіктің нақты мазмұнын байыта түседі деп сенемін. Алдын ала келісім бойынша онда жаттығу жиындары, шеберлік сабақтары және турнирлер ұйымдастырылмақ.

Пәкістан үлкен әлеуетке ие. Қазірдің өзінде жеті миллион бала шахматпен айналысады. Бұл – өте ауқымды база. Дұрыс дайындық жүйесі болса, олардың арасынан халықаралық деңгейдегі мықты ойыншылар шығатыны сөзсіз.

Президентіміздің дипломатиялық бағытын қолдай отырып, біз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз: пәкістандық жас шахматшыларды Қазақстандағы турнирлерге шақыруға, қазақстандық жаттықтырушыларды жергілікті балалармен жұмыс істеуге жіберуге, бірлескен бағдарламалар жасауға ниеттіміз.

Бұл бағытта бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бірақ қазір оның ауқымы айтарлықтай кеңеймек.
Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумында сөйлеген сөзімде спорттық жобалар елдер арасында тікелей сенім қалыптастыратынын айттым. Бұл саясат үшін де, бизнес үшін де айрықша маңызды.

Қазақстан мен Пәкістанды жақындастыратын ортақ нәрселер көп: жас халық, цифрлық болашаққа ұмтылыс және ынтымақтастыққа дайындық. Осы негізде шахмат жобалары да, іскерлік бастамалар да дами беретініне сенімдімін.
Тағы бір жаңалық

Ақпан айында Freedom Asian Chess Initiatives 2026 бағдарламасына қатысатын елдер анықталды. Бұл жобаны Қазақстан шахмат федерациясы FIDE және Азия шахмат федерациясымен бірге жүзеге асырып келеді.

FACI – Қазақстанның бүкіл Азиядағы шахматты дамытуға қосқан үлесі. 2025 жылы біз Камбоджа, Непал, Оман, Тәжікстан, Шри-Ланка, Иордания және Пәкістан федерацияларымен жұмыс істедік: оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырдық, шеберлік сабақтары мен білім беру семинарларын өткіздік. Нәтижесі қуантты. Бағдарламаға қатысқан бірқатар елдің шахматшылары халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға ие болды.

2026 жылға арналған іріктеу аяқталды. Бағдарламаға Иордания, Камбоджа, Қырғызстан, Непал, Пәкістан, Түрікменстан және Жапония қатысады. Біз жобаның ауқымын кеңейтіп, мазмұнын тереңдете бермекпіз.

Мен үшін FACI – жай ғана қайырымдылық емес. Бұл – ұзақмерзімді стратегия. Өйткені Азиядағы шахмат федерациялары қаншалықты мықты болса, бәсекелестік те соғұрлым жоғары болады, турнирлер де тартымды өтеді, бүкіл өңірдің дамуы жеделдейді.
Ал Қазақстан мұндай бәсекеге дайын. Неге бұндай сеніммен айта аламыз? Өйткені біз шахмат мұғалімдерін даярлау жүйесіне де, спорттық нәтижелерге де бірдей көңіл бөліп, инвестиция салып келеміз. Сонымен қатар ел бойынша заманауи шахмат инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Дәл осы факторлар бізге басқа елдерде жиі кездесе бермейтін бәсекелік артықшылық береді.
Жалпы ақпан айына көз жүгіртсем, барлық бастамада ортақ бір идея барын байқап отырмын. Алматыдағы педагогтарға арналған зертхана да, Исламабадтағы шахмат академиясы да, FACI бағдарламасының жаңа кезеңі де – бәрі бір үлкен жобаның бөліктері. Бұл жоба шахматты қарапайым ойын деңгейінен білім беру мен халықаралық ынтымақтастықтың тиімді құралына айналдырып келеді. Ал мұның бәрі Қазақстанда да, одан тыс жерде де адами капиталдың дамуына қызмет етеді.

Біз осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырмақпыз. Бізге сенім артып, осы жолда бірге келе жатқан барша жанға шынайы алғысымды білдіремін.
Тимур Турловтың авторлық блогы