Тимур Турловтың авторлық блогы
Қаңтар айының басты оқиғалары
#KAZCHESS TIMES
Бұл баған аздаған үзілістен кейін жарық көріп отыр. Қаңтар айы оқиғаларға өте бай, қарбаласқа толы болды.

Биыл Федерация үшін жыл үлкен жүйелі бастамамен басталды – шахмат мектептері мен клубтарын ерікті түрде аккредиттеуді іске қосамыз.

Бұл идея көптен бері ішкі кеңестерде, әріптестермен жеке әңгімелерде, сарапшылар қауымдастығымен және мемлекеттік органдармен консультациялар барысында талқыланып келді. Біз қазақстандық шахмат жаңа қадамға дайын ба? Өңірлер бұл бастаманы қалай қабылдайды деп ұзақ ойландық.

Жасыратыны жоқ, күмән мен алаңдаушылық аз болған жоқ. Өйткені шахматқа он мыңдаған бала, жаттықтырушы және ата-ана тартылған. Бұл – орасан жауапкершілік. Сондықтан кез келген реформа барынша мұқият, салмақты әрі дәл есеппен жүзеге асуы тиіс екенін жақсы түсінеміз.
Алайда бүгін, соңғы шешімдер қабылданған сәтте, бір ғана айқын сезім қалды: қазақстандық шахмат шын мәнінде келесі деңгейге көтерілуге дайын.

Бұл бағанда аккредитация қалай жұмыс істейтінін, оған қандай мағына жүктейтінімізді және ең бастысы шахмат қауымдастығы нені ескеруі керек екен, осы жайттармен бөліскім келеді. Бірден айтайын, рәсім ерікті, толық цифрландырылған және тегін.

Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде шамамен 8 мыңға жуық шахмат мектебі мен клубы жұмыс істейді. Олардың материалдық базасы, мүмкіндігі, мақсаты әртүрлі. Бірінде атақты гроссмейстерлер еңбек етсе, енді бірінде тәжірибесі қарапайым жаттықтырушылар жұмыс істейді. Кейбірі әлемдік кубоктарға дайындалса, басқалары жергілікті балалар мен бұқаралық спортқа бағытталған. Бұл, әрине, қалыпты жағдай, шахмат нарығының табиғаты әркелкі.

Цифрландыру арқылы біз ел бойынша толық картинаны көргіміз келеді: қай жерде қандай алаң бар, олардың жағдайы қалай, қай өңірге қолдау қажет, қай мектеп Федерациямен бірлескен жобаларға дайын, ал қайсысы енді ғана жолын бастап келеді дегендей.

Бірақ басты мақсат – ата-аналарға осы алуан түрлілікте дұрыс бағдар табуға көмектесу. Баласын қай мектепке беру үшін саналы әрі негізді шешім қабылдай алуы маңызды.

Бұл қалай жүзеге асады?

Жақын уақытта Kazchess сайтында жаңа модуль іске қосылады. Сол арқылы кез келген шахмат мектебі өтінім бере алады. Біз өтінімді мұқият қарап, балалар үшін қауіпсіздік пен қолайлылыққа мән береміз: оқу сыныптары бар ма, үстел-орындықтар ыңғайлы ма, жарық пен желдету дұрыс па, шахмат жиынтықтары жеткілікті ме, осының бәрі ескеріледі.
Сонымен қатар жаттықтырушылар құрамы мен оқыту әдістемесін бағалаймыз. Қажет болған жағдайда жергілікті жерге барып, инспекциялық тексеріс жүргіземіз.

Барлық талаптарға сай келген мектепке 2 жылға аккредитация беріледі, «ҚШФ ұсынған» ресми мәртебесі және деңгейі (алтын, күміс немесе қола) табысталады. Нақты критерийлер әзірленіп қойды.
Сөйтіп, біз шахмат нарығын ашық әрі түсінікті етуді көздейміз. Кәсібилік пен жүйелілікті күшейтіп, Федерация, мемлекет, ата-ана, балалар және мектептердің бәріне ортақ бірыңғай база қалыптастырғымыз келеді.

Егер кейбір мектептер аккредитациядан өткісі келмесе, еш мәжбүрлеу жоқ. Рәсім толықтай ерікті. Бұл – басынан-ақ айқын белгіленген қағида. Дегенмен бастаманың мәнін дұрыс түсінеді деп сенеміз: бұл – ортақ өсім мен даму үшін жасалған қадам.

Аккредиттелген серіктестерге Федерация тарапынан нақты қолдау көрсетіледі. Біріншіден, ақпараттық қолдау: әлеуметтік желілерде, офлайн турнирлерде және өзге коммуникациялық арналары арқылы насихаттау. Мақсат – мектептердің танымалдылығын арттыру.
Екіншіден, басқару мен даму бойынша: сайт пен әлеуметтік желілерді жүргізуден бастап, маркетинг, контент жасау, жергілікті турнирлер ұйымдастыруға дейін қамтитын практикалық материалдармен бөлісеміз.

Жеке бағыт ретінде команда дамыту мәселесін қарастырдық. Аккредиттелген мектептер ҚШФ семинарлары мен тренингтеріне эксклюзивті қол жеткізеді. Бұл жаттықтырушылардың біліктілігін жүйелі арттырып, өңірлерде заманауи педагогикалық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде оқыту сапасы өседі.
Сонымен, «ҚШФ ұсынады» деген мәртебе не бермек?

Бұл жай ғана картадағы белгі емес және реттеушінің кезекті талабы да емес. Бұл – бірыңғай стандарттарға сәйкестіктің айқын көрсеткіші, баршаға түсінікті әрі қолжетімді даму тетігі.

Мен аккредитация тақырыбына әлі талай ораламын. Қазір бастысы – нарық үшін ортақ түсінік шеңберін айқындау. Өңірлердегі әріптестерден ұсыныс пен пікірлер болса, міндетті түрде қарастырып, ескереміз.  
Қаңтар айында тағы қандай қызықтар болды?

Әрине, бұл ай көбіне «техникалық» сипатта өтті, турнирлер күнтізбесі соңғы нақтылау мен келісу кезеңінен өтіп жатыр. Дегенмен Қазақстанда бір маңызды жарыс өтті, бәлкім, жас таланттарымыз үшін жылдағы ең мәнді турнирдің бірі болған шығар.

Түркістан қаласында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында республикалық чемпионат өтті. Бұл турнир екі қырымен ерекше.

Біріншіден, оның қорытындысы бойынша 2026 жылғы ірі әлемдік кубоктарда Қазақстан намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады.

Екіншіден, жарыс Түркістанда өтті — бұл қала бүгінде Түркі шахмат қауымдастығының жаңа астанасы саналады. Яғни, бұл Түркістанның шахмат спорты дәстүрлі түрде мықты дамыған Алматы, Астана және Шымкент қалаларымен бір қатарға нық қосылып келе жатқанын білдірсе керек.

Біздің жаһандық мақсатымыз Қазақстанның әрбір облыс орталығын шахмат іріктеуінің дербес орталығына айналдыру. Әр қала өз өңірінде деңгей белгілеп, зияткерлік спортты республикалық деңгейге көтеруге үлес қосуы тиіс.

Біз осы бағытта саналы әрі жүйелі түрде алға жылжып келеміз. Еңбегіміздің нақты нәтижеге айналып жатқанын көру біз үшін ерекше қуаныш.
Сөз соңында Чехиядағы Амина Қайырбекованың өнеріне тоқтала кетейін. Амина халықаралық Marienbad Open шахмат фестивалінде екінші орын алып, халықаралық мастер нормасының үшіншісін орындады.

Шын жүректен құттықтаймын!

Енді ресми түрде IM атану үшін Аминаға 2400 рейтингке жету қажет, ал тиісті шешімді FIDE Президенттік кеңесі бекітеді. Қолдап, жанкүйер болайық. Егер бәрі сәтті болса, Амина жуырда осы деңгейге жарқ етіп қосылған Меруерт Камалиденовамен бірге бейресми «IM клубының» мүшесі атанады.

Шынымды айтсам, достар, жұмыс өте көп, уақыт әрдайым тапшы. Бірақ сіздермен осылай байланыста болып отырғаныма қуаныштымын. Шахмат өмірінің тынысын бірге бақылап, маңызды сәттерді бақылап, спортшыларымызға жанкүйер болайық!
Тимур Турловтың авторлық блогы