Бүгінде қазақстандық шахматтың мұндай құрмет көрсетуге толық негізі бар деп ойлаймын. Соңғы жылдардағы нәтижелер соның дәлелі. Мәселен, 2023 жылы қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстардан 126 медаль жеңіп алса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 160-қа жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша медаль саны 162 болды.
Бұл ілгерілеуді халықаралық қауымдастық та байқап отыр. FIDE президентінің Қазақстанды басқа федерацияларға үлгі ретінде атауы – біз үшін зор мәртебе. Сонымен қатар үлкен жауапкершілік те жүктейді.
Өйткені жетістікке жетуден гөрі сол деңгейді сақтап қалу әлдеқайда қиын. Сондықтан соңғы жылдары қол жеткізген табыстарымызды бағалап, оны жаңа белестерге бастайтын берік негіз ретінде пайдалануымыз қажет.
Жеке өзім үшін биылғы KazChess Awards өте жылы әсер қалдырды. Бірнеше жыл бұрын шахмат қауымын біріктіретін осындай алаң құру туралы шешім қабылдағанымыз бекер болмаған екен.
Сол кештегі ең әсерлі сәттердің бірі – жас талант Әлиша Бисалиеваға марапатты қазақ ғарышкерлігінің аңызы Тоқтар Әубәкіровтің табыстауы болды. Бұл көрініс әртүрлі буын өкілдерін жалғап тұрған көзге көрінбес рухани көпір іспетті әсер қалдырды.
Ал кештің басты қаһармандары – Алдияр Ансат, Бибісара Асаубаева, Эдгар Мамедов және Елназ Қалиахмет болды. Олар жылдың үздік шахматшылары атанып, ең жоғары марапаттарға ие болды.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, KazChess Awards жобасының ұйымдастырушыларына, қатысушыларына және қонақтарына алғыс айтқым келеді. Сол кеште мен бәріміз армандайтын қазақстандық шахматтың бейнесін көрдім: беделді, біртұтас және болашағына сенімді шахмат қауымын.