Тимур Турловтың авторлық блогы
Маусымдағы басты оқиғалар
#KAZCHESS TIMES
Экономика, бизнес, әлеуметтік сала немесе спорт болсын, кез келген саланың сапалы өсуі «мұзжарғыш жобалар» деп аталатын бастамаларға тікелей және айтарлықтай тәуелді десем, қателесе қоймаспын.

Олар белгілі бір межені белгілеп, қалыптасқан ортаны қазіргі қолданыстағы шеңберден бір қадам алға шығарады.
Уақытында Астана Қазақстан үшін дәл сондай жобаға айналды – елордамыз өзге қалаларға жайлылық пен өмір сүру деңгейінің жаңа өлшеміне жол ашты. Ал Freedom экожүйесі үшін осындай рөлді біздің SuperApp атқарды. Ол бізге дәстүрлі финтехтің шегінен шығып, жаңа деңгейге көтерілуге көмектесті.

Мұндай мысалдар өте көп. Нейротехнология саласындағы OpenAI, жеке ғарышкерліктегі SpaceX, Қазақстанның мемлекеттік аппаратын цифрландырудағы Egov. Бұл хикаялардың барлығына тән, бір қарағанда байқала бермейтін, бірақ ортақ бір қасиет бар – олар даму кеңістігін жаңа бағытта кеңейте алды.

Мұны неге айтып отырмын? Егер осы логиканы шахматқа қолдансақ, маусым айында біз өткізген «Aktobe Open» турнирінің рөлі мүлдем басқа қырынан ашылады.
Ұлттық спорт экожүйесіндегі көптеген бақылаушыларға, тіпті кейбір сарапшыларға Астана немесе Алматыда емес, дәл осы аймақтық орталықта жүлде қоры 100 мың доллар болатын жарысты өткізу ерсілеу, тіпті түсініксіздеу көрінуі мүмкін.

Бірақ Федерациядағы біз үшін бұл турнирдің қос астанадан тыс жерлерде шахматқа деген құштарлықты оятуға бағытталған, аймақтарға арналған «мұзжарғыш жоба» ретіндегі миссиясы басынан бастап айқын болды және дәл солай жоспарланды.

Өздеріңіз пайымдап көріңіздерші. Турнирге әлемнің 20-дан астам елінен, соның ішінде Англия, Үндістан, Қытай, Түркия және АҚШ-тан жүздеген ойыншылар, соның ішінде ең мықты гроссмейстерлер келді. Бұл оқиғаны тек Қазақстанның өңірлері үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия ауқымындағы ең ірі әрі елеулі шаралардың біріне айналдырды.
Сонымен қатар, «Aktobe Open» біздің шахматшыларымызға өз жерінде жүріп, атақты қарсыластарына қарсы тұруға сирек мүмкіндік береді. Мұндай мектепті оқу-жаттығу жиындары да, ең озық аналитика да алмастыра алмас. Мұнда қателіктері мен сәтсіздіктері, сондай-ақ сәтті шешімдері бар шынайы ойын жүреді, сондықтан мұндай тәжірибенің құндылығы, сөзсіз, өте жоғары.

Турнирде күміс жүлде алған біздің жас таланттарымыз Даниял Сәпенов пен Лия Құрманғалиева мұны менен де жақсы дәлелдей алады деп ойлаймын.
Ең бастысы – өз өңірінде мұндай ауқымды турнирді көрген ақтөбелік шахматшылар туған өлкесі үшін мақтанып қана қоймай, бүгінгі қазақстандық шахматтың қандай болуы керек екендігінің нақты бағдарын көреді. Open (2400-ге дейін) турнирінде осымен екінші жыл қатарынан жергілікті тума Алан Петуховтың жеңіске жетуі символикалық жағдай. Меңіңше, бұл біздің назарды аймақтарға аударып, оларды шахмат күн тәртібінің алдыңғы шебіне шығарып жатқанымыздың бекер еместігін дәлелдейді.

Федерацияның еліміздің басқа облыстары мысалында «мұзжарғыш жобалар» арқылы өңірлік өсу философиясын дамытуды жалғастырып жатқаны да маңызды. Шілде айында Өскеменде жүлде қоры дәл сондай 100 мың долларды құрайтын «Oskemen Open» турнирі өтеді. Бұл да ұлы даламыздың Шығысында «Aktobe Open» сияқты тарихи сәтке айналатынына сенімдімін. Қысқасы, әлемдік деңгейдегі шахмат орталықтары тек Астана мен Алматыда ғана болмауы керек және біз мұны іс жүзінде жүзеге асырып жатырмыз.
Дегенмен, «мұзжарғыштар» тек ел ішінде ғана жол салып жатқан жоқ. Маусым айында шахматшыларымыздың Қазақстаннан тыс жерлердегі өнерлерін де зор мақтанышпен тамашаладым.

Біздің таланттарымыз Гонконгта өткен рапид пен блицтен әлем чемпионатынан да медальдармен оралды. Айтпақшы, ол жақта да Магнус Карлсен, Дин Лижэнь, Алиреза Фирузджа, Арджун Эригайси және басқа да ең мықты жұлдызды құрам болды. Әсіресе Алуа Нұрман блицте алтын, рапидте күміс алып, ерекше көзге түсті. Айлин Зарқын мен Кумар Тюлюпов та өз медальдарын қанжығаларына байлады. Сонымен қатар, біздің қос командамыз Kazchess пен Barys рапидтен командалық әлем чемпионатында әлемнің үздік ондығына кірді. Бір сәтте Barys тіпті Магнус Карлсеннің WR Chess командасын жеңіп кетті, бұл барлық қазақстандық ойыншылар мен жанкүйерлерді біріктірген маңызды моральдық жеңіс болды.
Әрине, Италияда аяқталған жастар арасындағы әлем чемпионатында Сауат Нұрғалиевтің қола медалі ерекше қуантты.

Грузия төрінде өткен Әлем кубогында да қазақстандық жас жұлдыздар жарқырап, ел намысын биіктен көрсетті. Әлемнің 68 елінен 662 мықты спортшы жиналған бұл тартысты додада біздің жас таланттарымыз бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді: 10 жасар Ризат Ұлан алтыннан алқа тақса, 9 жасар Әлиша Бисалиева күміс жүлдені қанжығалады, ал G12 және O12 санаттарында өнер көрсеткен Милана Филиппова мен Рамазан Төлеген қола жүлдеге ие болды. Мұндай ірі халықаралық бәсекеде топ жару, отандық шахмат мектебінің өсіп келе жатқан зор әлеуетін тағы да дәлелдеді. Ал бұл жеңістердің басты маңыздылығы – олар біздің шахматшыларға қараша айында Батумиде өтетін кадеттер арасындағы әлем чемпионатына тікелей жол ашады.
Ел ішіндегі күн тәртібіне орала отырып, «Senat Open» ашық кубогының аяқталғанын атап өткім келеді. Бұл да отандық шахмат үшін өзіндік бір «мұзжарғыш жоба». Біз бұл турнирді Парламент Сенатымен бірлесіп 2024 жылдан бері өткізіп келеміз және осы уақыт ішінде ол айтарлықтай өсті: тек биылдың өзінде оған 9 мыңға жуық адам және Қазақстанның барлық аймақтары қатысты.

Астанадағы финал күні Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен бірге осы ауқымды жұмысты қорытындыладық. Турнирдің Президент тапсырмаларын орындауға қосып жатқан үлесі, республиканың зияткерлік әлеуетін дамытуға қалай көмектесетіні және қалалар мен облыстарды біртұтас шахмат кеңістігіне қалай біріктіретіні туралы сөйлестік.
Бұл бағанды қазақстандық шахмат үшін тағы бір керемет жаңалықпен аяқтағым келеді: 17 жасар Алдияр Аңсат 2500 рейтингтік ұпайдан өтіп, халықаралық гроссмейстер атану үшін барлық талаптарды ресми түрде орындады. Айтпақшы, бұл оқиға мен жоғарыда атап өткен «Aktobe Open» кезінде болды. Осылайша, Алдияр Қазақстан тарихында осы жоғары атаққа ие болған 22-ші шахматшы атанды.
Бұл нәтиже маған жеке тұлға ретінде зор шабыт сыйлайды. Мәселе менің шахмат федерациясын басқарып отырғанымда емес, бұл қадамның тұтас Қазақстан үшін ортақ мақтаныш пен ортақ жетістікке айналғандығында.

Алдиярға қарап, тағы да көптеген балалар өздерін шахматта сынап көргісі келеді, демек мектептер мен клубтарға, білікті жаттықтырушыларға, цифрландыру мен аналитикаға сұраныс артады. Мұндай жарқын серпілістердің арқасында осы тізбектің бәрі іске қосылады.

Сайып келгенде, біз қазір бұрын-соңды болмаған қолдау бағдарламалары, цифрлық көшу және жастар жобалары бар біртұтас ұлттық шахмат экожүйесін дәл осындай серпілістерді жүйелі түрде жасау үшін құрып жатырмыз.

Әрбір жаңа аймақтық турнир, әрбір халықаралық медаль және әрбір жаңа гроссмейстер – бұл қазақстандық шахматтың алға қарай кең жол салуына мүмкіндік беретін дәл сондай «мұзжарғыштар». Мен біздің осы үлкен сапардың тек басында ғана тұрғанымызға сенемін.
Тимур Турлов
Тимур Турловтың авторлық блогы