Тимур Турловтың авторлық блогы
Наурыз айының басты оқиғалары
#KAZCHESS TIMES
Соңғы уақытта еліміздің өңірлерін жиі аралап жүрмін. Сол сапарларымда үлкен қалалардан жырақтағы тіршіліктің тынысын, шахматтың онда қалай тамыр жайып, қалай қанаттанып келе жатқанын анық сезінем.

Бір анығы, ол соңғы бір-бір жарым жылда шахмат бұрын-соңды болмаған серпінге ие болғаны. Оның себептері бір қарағанда байқала бермеуі мүмкін.

Әрине, кәсіби деңгейдің өсуіне Қазақстан шахмат федерациясы жүргізіп отырған жүйелі жұмыстың ықпалы зор. Бүгінде бұл жұмыс елдің барлық өңірін қамтыды. Бірақ мәселе мұнымен шектеліп отырған жоқ. Қоғам ішінде, әсіресе балалар мен ата-аналардың арасында шахматқа деген шынайы қызығушылық оянып, жаңа бір толқын пайда болды. Бұл бір есепке оңай сыя қоймайтын, бірақ анық сезілетін құбылыс.

Алғашында мен мұны сирек кездесетін жекелеген мысал деп ойладым. Уақыт өте келе оның кең ауқымды үрдіске айналғанын көрдік, бүгінде өңірлердің даму қарқыны бұрынғыдан әлдеқайда жоғары.

Ең маңыздысы — жүйелі қолдау мен жергілікті қызығушылық тоғысқан жерде нақты нәтиже туады. Жаңа, заманауи жаттығу алаңдары ашылып жатыр, деңгейі жоғары турнирлер ұйымдастырылуда, әлемнің әр түкпірінен ойыншылар келіп қатысуда. Соның ішінде біздің жас дарындарымыз да жарқырай көріне бастады.

Бұл өзгерістерді сырттан бақылап қана қоймай, өз көзіммен көріп жүргендіктен, осы жолғы ой-толғауымды өңірлер тақырыбына арнауды жөн санап отырмын.
Бұған дейін Түркістан жайлы жазған едім. Жыл соңында ол Түркі әлемі шахмат қауымдастығының орталығы ретінде таңдалып, ізінше 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатын қабылдады. Сол жарыс ұлттық құраманы жасақтауға негіз болды.

Ал наурыз айында бастама Шымкентке ауысты.

Қалада бірінен соң бірі маңызды шахмат оқиғалары өтті. Әуелі ардагерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар FIDE аясындағы Албания мен Сербиядағы әлемдік турнирлерге жолдама алды.
Одан кейін халықаралық деңгейдегі KazChess Masters Nauryz 2026 турнирі өтті. Бұл жарыста Даниял Сапенов, Сауат Нұрғалиев, Ерғали Сүлеймен, Меруерт Камалиденова және Данис Қуандықұлы сынды жас ойыншылар Үндістан, Мексика, Венгрия, Сербия және Өзбекстаннан келген тәжірибелі қарсыластарымен иық тірестіре ойнады.

Сонымен қатар, Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне арналған балалар кубогының алғашқы кезеңі де өтті. Командалық есепте шымкенттік шахматшылар үздік шықты. Ал келесі кезеңдер Қызылорда, Қостанай, Орал, Павлодар мен Алматыда жалғасын табады.
Осы үш турнирдің жүлде қоры шамамен 30 миллион теңгені құрап, қатысушылар саны 500-ге жуықтады. Бұл — кез келген ірі қала үшін лайықты көрсеткіш.

Наурыз айында Шымкент тағы бір маңызды іс-шараға — Digital Qazaqstan технологиялық форумына алаң болды. Мен Freedom Holding Corp. атынан қатысып, ЕАЭО елдерінің премьер-министрлеріне жасанды интеллект саласындағы шешімдерімізді таныстырдым. Ал федерациядағы әріптестер осы алаңда «Білім берудегі шахмат» жобасын ұсынып, оның мүмкіндіктерін кеңінен көрсетті.

Бұл форумның бір ерекшелігі — оның жыл сайын әр өңірде ұйымдастырылуы. Осылайша елдің әр аймағының әлеуеті ашылып, жаңа мүмкіндіктер айқындала түседі. Сол жерде мен бір маңызды нәрсені аңғардым: бүгінде Қазақстанда ерекше бір үйлесім бар. Бизнес те, мемлекет те, спорт та бәрі өңірлерге бет бұрып, сол бағытта қатар ілгерілеп келеді.

Бұрын барлық мүмкіндік тек Астана мен Алматыда шоғырлануы тиіс деген түсінік басым болғандай еді. Қазір бұл көзқарас өзгерген. Даму бағыты өңірлерге ойысып, жаңа тірек нүктелері қалыптасуда.
Өңірлік дамуға қатысты тағы екі маңызды мәселені атап өткім келеді.

Біріншіден, наурыз айында бүкіл ел бойынша бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған тәжірибелік тренингтер өтті. Бұл — көзге көп көріне бермейтін, бірақ аса маңызды жұмыс.

Өйткені біз білім беру сапасын қай өңірде болса да бір деңгейде ұстауға тырысамыз.

Екіншіден, барлық аймақта мектеп оқушылары арасында іріктеу турнирлері өтті. Олар сәуір айында Алматыда өтетін мектеп командалары арасындағы әлем чемпионатының құрлықтық кезеңіне жолдама береді.

Бұл жарысқа Азия-Тынық мұхиты өңірі мен Орталық Азиядан 30-дан астам елдің командалары қатысты. Сондықтан біз тек ұйымдастыру тұрғысынан ғана емес, ел намысын қорғайтын құрамды іріктеу жағынан да үлкен жауапкершілікпен дайындалдық.

Бұл турнир жайлы келесі жолы кеңірек айтып өтермін. Өйткені халықаралық мектеп шахматы — тек спорттық жарыс қана емес, елдің беделін айқындайтын маңызды алаң.

Қазір шынымен де ерекше кезең. Тіпті шахматтың өзі арқылы өңірлерді дамыту бұрынғыдан әлдеқайда қолжетімді бола түсті. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет.
Бұл бізге не береді?

Мен осы жолдарды жазып отырған сәтте Кипрде Үміткерлер турнирі өтіп жатыр. Бұл әлем чемпионы атағына бір қадам қалғанда өтетін шешуші кезең. Онда әлемнің ең мықты шахматшылары бас қосып, чемпионға қарсы шығу құқығы үшін сынға түседі.

Биыл Қазақстан бұл додаға алғаш рет қатысып отыр. Ел намысын әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева қорғауда.
Сондықтан біз Федерация аясында елдің түкпір-түкпірінен дарынды балаларды анықтап, оларды жүйелі түрде қолдайтын тұтас экожүйе қалыптастырып келеміз. «Білім берудегі шахмат» жобасы, жас таланттарды қолдау бағдарламалары, өңірлік турнирлер, осының бәрі бір мақсатқа қызмет етеді.

Осындай жүйелі жұмыстың жемісі ретінде жаңа жұлдыздар жарқырап, әлемдік деңгейге батыл қадам басуда. Егер қазіргі қарқын сақталса, болашақ чемпиондардың басым бөлігі дәл осы өңірлерден шығары анық.

Мамыр айында сәуірдің нәтижелерімен бөлісемін. Сәуірдің өзі біраз маңызды оқиғаларға толы болғалы тұр.
Тимур Турловтың авторлық блогы