Тимур Турловтың авторлық блогы
Қараша айының басты оқиғалары
#KAZCHESS TIMES
Уақыт қатты тығыз. Шахмат тілімен айтсақ, нағыз цейтноттамыз.

Жұмыс қарқыны жоғары. Өткенге қорытынды жасап, алдағы жоспарларды талқылап, 2026 жылға арналған жобалар мен шешімдерді пысықтап жатырмыз. Келесі маусым өте ауқымды болары анық.

Жас дарындарды қолдау бағдарламасын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Бұл жастар шахматындағы ең басты ынталандыру тетігі болмақ. Сонымен қатар мектептермен жұмысты күшейтіп, Қазақстанда бірнеше ірі FIDE турнирін өткізуді көздеп отырмыз.

Алайда әңгімені Мемлекет басшысымен өткен кездесуден бастаған жөн болар. Қасым-Жомарт Кемелұлы уақыт бөліп, FIDE президенті Аркадий Дворковичті және мені қабылдады, сондай-ақ жас чемпиондарымызды жарқын жеңістерімен жеке өзі құттықтады.
Менің ойымша, бұл — заңды нәтиже. Біз балаларымызға шын жүректен сендік, оларды сабырмен қолдадық, үздіксіз еңбек еттік, олардың әлеуетін толық ашуға тырыстық. Соның жемісі де көрінді.

Халықаралық турнирлердегі медаль саны бойынша да бұл жылды жоспардан жоғары көрсеткішпен аяқтап отырмыз.

Қазірдің өзінде Қазақстан қоржынында 148 жүлде бар, оның 63-і – алтын, 40-ы – күміс, 45-і – қола. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы 55 алтын медаль алған едік. Бұл деректер үнемі жаңарып отырады, сондықтан бұл мәтін жарық көрген сәтте жүлделер саны бұдан да көп болуы мүмкін. Осы тұста ең маңыздысы – қазақстандық шахматтың ішкі психологиясы өзгерді. Біз өзімізге деген көзқарасты өзгерттік. Бүгінгі таланттарымыз тек сеніп қана қоймайды, олар жеңе алатынын нақты біледі.

Қарсыластарын жақсы зерттеген, өз мүмкіндіктері мен мықты тұстарын түсінеді. Мұны нағыз чемпиондық күй деуге болады, және бұл қасиет біздің шахматшыларда бар екені сөзсіз.
Ақордадағы кездесуде Президент FIDE-мен ынтымақтастыққа айрықша назар аударды. Өйткені бұл ұйымсыз бірде-бір ірі халықаралық турнир өтпейді десе болады. Қазіргі таңда Қазақстан мен FIDE арасындағы әріптестік тарихи тұрғыда ең жоғары деңгейге жеткендей.

Алдағы жылы да бірлескен жобалар аз болмайды. Алматыда Оксфорд пен Гарвард командалары қатысатын Дүниежүзілік шахмат универсиадасын және мектеп командалары арасындағы әлем чемпионатының бір кезеңін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қатысушыларды біріктіретін ірі жарыстар. Қазақстан үшін өзінің қонақжайлығын тағы бір мәрте көрсетіп, шахматтағы ықпалын арттыруға үлкен мүмкіндік.
Қараша айындағы маңызды жаңалықтардың бірі – 2026 жылдан бастап жас дарындарды қолдау бағдарламасы өзгереді. Қатысушылар саны 45-тен 34-ке қысқарады. Бұл бюджетті шамадан тыс ұлғайтпай, ішкі бәсекені күшейтуге және шынымен ынталы балаларға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Қатысушылар тізімі ақпан айында жарияланады.

Бағдарламаны біз 2023 жылы, мен Қазақстан шахмат федерациясын басқаруға келген кезде бастадық. Ол арнайы жүйе бойынша есептеледі және 9 бен 16 жас аралығындағы үздік шахматшыларды қамтиды. Қатысушылар ай сайынғы тұрақты шәкіртақы алады, жаттықтырушылармен жұмыс істейді, оқу-жаттығу жиындарына қатысады, халықаралық турнирлерге жолдамалармен қамтамасыз етіледі. Бұл – біздің дарындарымызға тірек болып, қамқорлық көрсетудің нақты жолы. Бағдарламаның өміршең екенін, нәтиже беріп жатқанын көріп отырмыз. 2026 жылғы мақсатымыз – осы бағытта одан әрі тереңдей түсу.
Сондай-ақ әйелдер құрамасын шын жүректен қолдағым келеді. Испанияда өткен әлем чемпионатында олар жүлдеден сәл ғана қалып, төртінші орын алды. Бұл турнирде бәрі ойдағыдай болмады, бірақ еңсені түсіруге еш негіз жоқ. Төртінші орын – өте лайықты нәтиже. Енді оны тәжірибе ретінде пайдаланып, қателіктерді саралап, алдағы жұмыс бағыттарын нақтылап, алға жылжу қажет.

Бұл чемпионатта Қазақстан үшін қуанышты сәттер де аз болған жоқ: Елназ Қалиахметтің ұлттық құрамадағы жарқын дебюті мен жеке алтын медалі, Меруерт Қамалиденованың тағы бір алтыны және Зарина Нұрғалиеваның қола жүлдесі. Бүгінде еліміздің әйелдер құрамасы әлемдегі ең мықты командалардың бірі. Бұл туралы Президентпен кездесуде де айттық, және мен басты жеңістер әлі алда екеніне сенімдімін.
Қараша айында корпоративтік турнирлер де көп өтті. Олардың регламенті әлем чемпионаттарындай қатаң болмауы мүмкін, бірақ бұл – жүлде қоры бар, атмосферасы ерекше, толыққанды жарыстар.

Біз журналистер мен блогерлерге арналған көңілді «Екі астана кубогын», Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған салмақты әрі жылы Diplomatic Chess Cup турнирін және Қаржы министрлігі қызметкерлеріне арналған Finance Chess Cup жарысын өткіздік.
Осындай турнирлердің ортасында ең берік нетворкинг қалыптасады. Қызықты адамдармен танысып, бір-біріңді ғана емес, өзіңді де тереңірек тани түсесің. Меніңше, шахматтың шынайы құндылығы да осында. Оның Қазақстандағы корпоративтік әрі мәдени өмірдің маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын көру қуантады.

Жылдың қорытындысы жақын арада жасалады. Бірақ қазірдің өзінде 2025 жылдың есте қаларлық болғаны анық. Шахматқа деген қызығушылықтарыңыз бен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да сіздерді жаңа жетістіктермен қуантамыз деп сенемін.
Тимур Турловтың авторлық блогы